Мектебімізде «Ерлік жасаған ұстаздар» тақырыбында тағылымды сырласу сағаты өтті. Кездесуіміздің арнайы қонағы – сан мыңдаған шәкіртке білім мен тәрбие беріп, саналы ғұмырын білім беру саласына арнаған ардагер ұстаз, мектебіміздің тұңғыш директоры Сламбекова Рымкеш Хамитовна болды.Кездесудің негізгі тақырыбы – «Ұстаздықтың шынайы тарихы». Бұл жай ғана дәріс емес, жүректен жүрекке жеткен ашық сырласу, сырлы сұхбат және қыздардың көкейіндегі сауалдарына жауап алған мазмұнды диалог алаңы болды.Іс-шара барысында Рымкеш Хамитовнаның өнегелі өмірі мен ұстаздық жолын таныстыратын шағын бейнеролик көрсетілді. Кеш шымылдығын мектеп директоры Егис Индира Егисқызы құттықтау сөзімен ашып, ардагер ұстаздың мектеп тарихындағы айрықша орны мен білім саласына қосқан зор үлесіне тоқталды. Сондай-ақ жас ұрпаққа тағылымды тәрбие берудегі осындай кездесулердің маңызын атап өтті.Сырласу барысында Рымкеш Хамитовна ұстаздық қызметіндегі жарқын естеліктерімен бөлісіп, мектептің қалыптасу тарихы, алғашқы жылдардағы қызықты оқиғалар мен мұғалім мамандығының жауапкершілігі туралы әсерлі әңгімеледі. Қатысушы қыздар ардагер ұстазға өздерін қызықтырған сауалдарын қойып, өмірлік тәжірибесінен құнды кеңестер алды.Кездесу жас ұрпақтың ұстаздық мамандыққа деген құрметін арттырып, үлкеннің өнегелі өмір жолынан үлгі алуға мүмкіндік берді. Шынайы әңгіме мен жылы естеліктерге толы сырласу сағаты қатысушылардың жүрегінде ерекше әсер қалдырды.Сламбекова Рымкеш Хамитовнаға тағылымды әңгімесі, ақыл-кеңесі және мазмұнды кездесуі үшін шынайы алғысымызды білдіреміз! Ардагер ұстазымызға зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасына амандық пен бақ-береке тілейміз!