06.04.2026ж күні мектебімізде ата-аналар жиналысы өтті. Жиналыс барысында кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері жан-жақты қарастырылды.Ата-аналар алдында білім беру бөлімінің орынбасары, Ақсу қалалық полиция бөлімінің және төтенше жағдайлар қызметінің өкілдері сөз сөйлеп, өзекті мәселелер бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Жиналыс аясында кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта заңды өкілдерінсіз тұрғын үйден тыс жерде жүруі үшін қарастырылған әкімшілік жауапкершілік шаралары, сондай-ақ тиісті құқығы жоқ скутерлер мен мопедтерді басқарудың салдары түсіндірілді. Сонымен қатар буллингтің, аутодеструктивті мінез-құлықтың алдын алу, жасөспірімдер арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыру және қоғамдық тәртіпті сақтау мәселелеріне ерекше назар аударылды.Сондай-ақ ата-аналарға мұз үстінде қауіпсіз жүру ережелері, табиғат аясында демалу кезінде өрт қауіпсіздігін сақтау шаралары және балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, олардың қай жерде жүргенін үнемі бақылауда ұстаудың маңыздылығы туралы ескертілді.Жиналыс барысында директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары қорытынды аттестаттау, сыныптан сыныпқа көшу емтихандары, білім сапасын арттыру жолдары туралы ата-аналарға жан-жақты түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Әлеуметтік педагог Яхияқызы Ұ. «Мектеп асханасы: қауіпсіздік пен сапа» тақырыбында баяндама жасап, оқушылардың дұрыс тамақтануы мен санитарлық талаптардың сақталуы жөнінде ақпарат берді.Директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары құқық бұзушылықтың алдын алу бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, әкімшілік құқықбұзушылық туралы заңнаманың негізгі баптарымен ата-аналарды таныстырды. Сонымен қатар мектеп пен ата-ана арасындағы тығыз байланыс пен өзара жауапкершіліктің маңыздылығы атап өтілді.Жиналыс барысында оқушылардың интернеттегі қауіпсіздігі, әлеуметтік желілерді дұрыс пайдалану мәдениеті, кибербуллингтің алдын алу мәселелері де қозғалды. Ата-аналарға балалардың цифрлық ортадағы әрекеттеріне назар аудару, олардың онлайн қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша нақты ұсыныстар берілді.